Мамыр айының 22-сі күні Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасында "Ақын. Публицист. Ғалым" деген тақырыппен ғылыми семинар өткен болатын. Аталған семинарда оқылған баяндаманы оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Шұбатылған қарлы түз. Ұлан-ғайыр көсілген,
Көкжиекті көрем деп, шексіздікке тесілгем.
Аспан мен Жер біртұтас, көзге ілмейді ешкімді,
Мен бір құс ем түлеген сонау жылы төсіңнен,- Алтайдан Атырауға дейін созылған Ұлы Дала кімдерге мекен болмады дейсіз? Осынау ұлан-ғайыр даланың бір пұшпағы құмды ауылда туып-өскен ақын қыз кіндік қаны тамған туған ауылына деген сағынышын жыр жолдарына көшіреді. Ақын шұбатылған қарлы түз деген эпитет арқылы қазақ даласын көз алдымызға әкеледі. Сол көкжиекпен астасқан далада шексіздікке тесіліп қараған лирикалық кейіпкердің жан дүниесіндегі шиеленістер, сезім қақтығыстары оқырманды бейтарап қалдырмайтыны анық. Аспан мен жер бірігіп кеткендей әсер қалдыратын қарлы дала, тәкаппар дала ешкімді көзіне де ілмейді. Иә, ақын тұспалдап отырғандай, адамның ішкі әлеміндегі қақтығыстар тектен-тек болмайтыны даусыз. Ақынның лирикалық «Мені» осы далаға ынтық. Өйткені, «Мен бір құс ем түлеген, сонау жылы төсіңнен» деп оны біз талдап отырған шумақтың төртінші тармағында өзі анықтап береді. Бұл жерде құс - метфора. Ақын өзін құспен баламалай алып тұр. Құсты қазақ киелі санайды. Жалпы, қанатты атаулыны қасиетті дейтін халықтың ұрпағымыз. Олай болса, өзін құсқа баламалаған ақынның арғы тегінің тегін емес екені де ақиқат. Өлеңнің келесі тармағында тағдырмен бетпе-бет келген ақын жан дүниесіндегі қақтығыс, өміріндегі шиеленіс пен сағыныш, мұң-нала ап-анық түрдегі поэтикалық тіркестермен өрілген:
Беліңдегі белбеудей сол қара жол көсілген,
Міз бақпаған сары жал құм – көкірегіме көшіргем.
Суретіңді салам деп әуреленем сөзбенен,
Өзіңдей боп шықпайды-ау, менің сенен «көшірмем»,- Даланың беліндегі белбеудей қара жол мен сары жал құм – ақын жүрегіне әрі таныс, әрі ыстық суреттер. Ақын оны «көкірегіне көшіріп» әкетіпті алыс сапарға аттанарда. Қаншама алыста жүрсе де, қанша уақыт өтсе де көкірегін жылытқан туып-өскен мекеннің сол бір «көшірмесі» жанына қуат беріп келіпті. Енді, міне, сол жерге қайтадан келіп, іңкәрлігін жыр тілінде айтады. Сөзбен сурет салу оңай емес. «Өзіңдей боп шықпайды-ау, менің сенен көшірмем» деп оны да мойындайды ақын. Бірақ, осы жолдардан туған жерге деген махаббат, кіндік кескен киелі мекенге деген іңкәрлік анық сезілетіні де кәміл.
Ақ Қиғаш пен Ақ шағыл – көкжиекке көсілген,
Талай-талай мықтыны өзің едің өсірген.
Жанарыма құйып ап кеткен едім өзіңді:
Ғұмыр бойы тынбастан жыр арнаған құсың – мен! – қар басқан далада, қақаған қыстың күнінде, сақырлаған сары аязда Ақ Қиғашы мен Ақ шағылына арнайы барып, жыр арнауы – ақынның перзенттік парызына деген адалдығы. Бір ауылда екі түрлі табиғат, бір шетінде Қиғаш өзені болса, екінші шетін құм шағыл көмкерген. Міне, қылышын сүйреткен қыста қатып жатқан Ақ Қиғаш пен қарға көміліп қалған Ақ шағыл бір-біріне өте ұқсас. Екеуі де көкжиекке көсіліп барып, сіңіп кететіндей. Иә, осы ауылдан талай мықтының түлеп ұшқаны да рас. Асанқайғы, Қазтуғандардан бастамай-ақ қояйық. Қазақ поэзиясының ақша бұлты атанған абыз Әбу Сәрсенбаевты аузымызға алсақ та жеткілікті шығар. Осының бәрін «жанарына құйып әкету» де көп адамның қолынан келмейтіні айқын. Туған жерін «көкірегіне көшіріп», Қиғашын «жанарына құйып әкеткен» ақын қыз өзі туралы «Ғұмыр бойы тынбастан жыр арнаған құсың - мен» деп анықтама береді. Иә, су мен шағыл бір –біріне кереғар ұғымдар. Сол қайшы ұғымдар қатарласа, егізделе отырып, тұтастай бір болмыстың толқымалы күйін танытады. Лирикалық меннің қытымыр қыстың күнімен өз жанын егіздеп беруі – екіге жарылған ішкі әлемнің бір шешімге келуімен қатар өріледі.
Ата-бабам қоныс қып өткен ауыл – құм мекен,
Ақ Қиғаш пен сарша құм мені қанша күтті екен?!
Күрсінісін күрең күн күреңітіп қаузаймын,
Киіктейін зымырап, үміттерді үптеген,- бір-біріне ұласқан метафора, - кейіптеу – символ – эпитет сияқты бейнелеуіш тәсілдер арқылы лирикалық кейіпкердің сыршыл да тұңғиық, әсершіл жан әлемі көркемдік шындық аясында бедерленген. Өлең - субъективті-элегиялық сарында жазылған туынды. Әдебиет зерттеушісі, сыншы Тұрсынжан Шапайдың лирикадағы табиғаттың адамның ішкі әлемін бейнелеудегі рөлі туралы тұжырымдарын осы жерде келтіре кетсек, артық болмас деген ойдамыз [4]. Сыншы ғалым поэзиядағы табиғат пен адамның бейнелену тарихы мен тәсілдеріне назар аудара келе, Қиыр Шығыс, оның ішінде жапон поэзиясына тән басты белгі – адамның табиғатқа сіңіп кетуге ұмтылысы; олар үшін табиғат арқылы «мен» және «мен еместің» айырмасыз екенін бейнелеу – текті поэзияның басты міндеті екенін зерттеушілер тұжырымдарына сүйене отырып көрсетеді. Қазақтың ұлттық поэзиясында да табиғат пен адам гармониясының басты рөлде екені – даусыз. Өзінің бауырынан түлеп ұшқан ақын қызын күткен Қиғаш пен сарыжал құм бейнесі кім-кімге де ыстық. Әрбір қазақ баласына таныс осы сурет әр оқырманның жүрегін жылытып, туған жерін көз алдына елестетеді, сағынышына арқау болады. «Киіктей зымырап, үміттерді үптеген күрең күн» де қазақы табиғатқа өте жақын, өте таныс эпитет әрі теңеу. Шындығында күндер бейнебір қанат тағып алғандай зымырап ұшып бара жатқаны шындық. Олар соңына қайырылмайды, өткенге оралмайды, естелікке айналады.
Батыс жаққа қызарып, кетті сіңіп құлай күн,
Себезгілеп сәлден соң сүт сәулелі нұры Айдың.
Аспан мен жер арасын өлеңіммен тербетіп,
Ғұмыр кешем,
Алланың сынағына шыдаймын! – табиғатты жырлауда қазақ ақындарының жүгінетін пірі – жүрегі мен шабыт қуаты. Міне, осыдан бастау алып, өз жүрегіндегі табиғатқа іңкәрлікті көркем тіркестермен суреттеу үшін талант керек. Адам мен табиғат үндестігін егіздеп бейнелеудің тамаша үлгілерін ұсынған қазақ поэзиясы ойды бейнелі, тұспалды, астарлай жеткізу үшін айрықша тәсілдерді тауып, поэтикалық сәні терең өлеңдермен байытқан. Көшпенді тірлік кешкен қазақтар табиғатты қасиетті деп санаған, саналы рухқа ие болмыс деп түсінген. Осы таным бүгінде жаңғырып, жаңарып, көркемдік ойлаудың нәр алар бастауына айналған. «Батыс жаққа құлай кеткен Күн» мен «сүт сәулелі нұры себезгілеген Ай» лирикалық кейіпкердің жан дүниесімен үндесіп тұр. «Аспан мен Жер арасын өлеңімен тербеткен» ақын жүрек тынбай жырлауда.
Ақ шағыл көшіп жатқан Көптоғайды
Еске алсам,
Ата-әжем боп... жоқ қарайды...
Ауылдың бір шетінде Ақ Қиғашым,
Толқындар толқып ағып,
тоқтамайды...,- деп толғанады ақын қыз енді бір сәтте. Ол үшін «Көптоғай» деген ауыл «ата-әженің, кластас достың, ақ шашты ұстаздың» синонимі сынды.Туған жерін перзенттік жүрекпен шынайы сүйеді және сол күйінде ақ параққа өлең жолдары етіп түсіреді.
Көпіріп ерке ағысы,
ақжалданып,
Жүректің мұң қақпасын
қаққанда анық...
Су шашып ойнайтұғын
кей достарым...
Мезгілсіз
қыр басына жатқан барып..., -осы бір жыр жолдарын оқығанда кеуденің сол жақ тұсы шым ете қалғандай. Бір ғана ақын қыздың емес, жер бетіндегі барша адам баласының сағынышын шертіп тұрғандай.... Балалық шақтың куәсі болған достарын іздеп келгенде, олардың о дүниелік болып кеткенін есту қандай қиын десеңізші! Ақын өз сағынышын ақ параққа түсіре отырып, көріктеу құралдарына да ерекше мән берген. «Ерке ағыс», «жүректің мұң қақпасы» деген эпитеттер ақынның сөйлеу мәнерінің шеберлігін білдіргендей. Сонымен қатар, «толқып ағып тоқтамаған толқындар», «ақжалданып, көпіріп аққан ерке ағыс» деген кейіптеулер арқылы суды, Қиғаш өзенін бейне бір жаны бар өзінің туысындай, досындай көріп, сағынады ақын жүрегі.
Ақ шағыл - биік құм тау бір шетінде,
Сыр бермей сызданатын күлше күнге...
Беймәлім жақтан келіп құйын өтсе,
Бұрқырап қоя берер...
дүрсе мүлде...,- қандай сурет! Қарапайым ғана ауылды, шағыл көмкеріп жатқан шағын ауылды ерекше бір палитрамен, өзгеше бояумен бейнелейді. «Күлше күн», «ақ шағыл» деген эпитеттер «күлше күнге сыр бермей сызданатын ақ шағылды» кейіптеуге, жанды адам сияқты етіп, күрделі образ жасауға ұласқаны қандай жарасымды?! Беймәлім жақтан құйын өткенде, бұрқырап қоя беретін құмды ауылдың тентек мінезі бар қазаққа да таныс әрі ыстық. Ақын қолтаңбасы деп осыны айтыңыз!
Еркелеп шығатынбыз құм тауына,
Даламды қымтап жатқан құндағына...
Шағылдың ортасында сақина көл,
Аққулар билеп дүние ырғағына...,- ақын енді бір сәтте туған ауылдың жүректегі жанды образын көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп, сөзден сурет салу арқылы шебер өрнектейді. Балалық шақтағы құм таудың басына шығып, еркелеген құм таудың басынан төмен қарай сырғанап, қойны-қонышы құмға толған әрбіреуіміздің қимас естелігіміздей естілетіні де рас. Ақынның ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы туған жер келбетін суреттеуде ерекше танылғандай, Мәселен, төмендегі өлеңіне үңілейікші:
Көптоғайдың батысында - Бесарал,
Тал-терегі басын изеп хош алар...
Шөлім басты Қаракөлдің кәусары-
Жүрегімде түнеп шықты кеше олар...,- туған жердің әр талы, өзен-көлі, аспаны мен ақ шағылы ақын жүрегінде мәңгі орныққан. Тіпті көретін түсі де сол туған жеріне байланысты болыпкелетінін қайтерсіз! «Жүрегіне түнеп шыққан» туған жерінің ыстық топырағы ақынға өте қымбат, қастерлі. Әрине, бұл сезім әр қазақ баласының басынан өткен сезім, таныс хәл. Олай болса, Гүлзада - нағыз халықтық ақын деп батыл айта аламыз!
Самал кезіп тал-теректің арасын,
Хош иіске елтіп естен танасың...
Тостақандай мөлдіреген Қаракөл-
Көк аспанмен тауып жатыр жарасым...,- туған ауылындағы Қаракөл деген кішкене көлді тостақанға теңеп, оның көк аспан астында мөлдіреп жатқанын қалай дәл суреттеген?! Тал-теректің арасын кезген самал желді оқырман да сезінген іспетті. Көк шөптің хош иісі танауды қытықтағандай... Қандай ғажап көрініс...!
Жапырақтар, айнасына телмірген,
Қырқадан гүл, көлден моншақ тердім мен...
Сол аяулы шақтарымды еске алсам
Сағыныштан көкірегімде сең жүрген...
Жапырақтың арасынан күн түсіп,
Сәулесінен шағылады мың сызық...
Айна көлдің мөлдіреген бетінде
Әппақ мең боп, тұңғиық гүл жүр жүзіп...,- тал-теректің көлеңкесінде күннің мың-миллион сәулесін тамашалаған кішкене баланың жүрегіндегі бір ғажап сезім енді сағынышты жыр жолдарына айналып кеткендей. Көлдің айналасындағы тал-теректің жасыл жапырақтарын қызықтап, өзі жазғандай, қырқадан гүл, көлден моншақ терген аяулы шақтар қайда жоғалды? Ақын жүрегі соған жауап іздейді. Өлеңді оқыған әрбір оқырманның да сол жауапты іздеп шарқ ұратынына күмәніміз жоқ.
Әуен жетер жүрегіңе мұң құйып,
Күнмен бірге көзін ашса тұңғиық...
Сайрауық құс қағып отыр таңдайын:
Осы жерді кетеді деп кім қиып?!
Туған жердің мейіріміне бөленген,
Кәусар шақты қайта айналып көрер ме ем?!
Кей кездерде оянамын,
түсімде-
Тұңғиық гүл теріп жүріп тереңнен...,- Қиғаш бойындағы шағын ауылда туып, жасынан сол өзеннің өзі айтқандай ерке толқындарымен жарысып өскен ақын қыздың түсінде сол сұлу да алыс әлемді көретіні заңдылық. Пендешілік жарасы асқынған қоғамда адам баласының бойынан адалдық пен ізгілікті іздеп шарқ ұрған ақын жанының тынымсыз лүпілі естілгендй. Қиғаш бойындағы сәмбі тал, онда қонған сайрауық құс – бәрі жарасымды, әрі жанды толқытатын сурет. «Таңдайын қағып отырған сайрауық құс» - күрделі эпитет болса, «кәусар шақ», «көзін ашқан тұңғиық гүл»де сәтті көріктеу құралдары.
Біздің арман...
Асқақ еді, тым биік,
Бар айнала тербелетін Күнге ұйып...
...Жапырағы біздің жасыл жүректей
Каракөлде барсың ба әлі, тұңғиық?! – көзге еріксіз жас тұнады. Сағыныш жасы. Ешқандай пендешілікті, сатқындықты көрмеген балалық шаққа деген аңсаудан тұратын кермек жас... Иә, ол кезде арман асқақ, үміт шырағы да ешқашан сөнбейтіндей көрінетін. «Күнге ұйыған тіршілік», «жапырағы жап-жасыл тұңғиық гүл» деген эпитеттер өлең жолдарының сөзбен салынған сурет екенін аңғатады емес пе? Тұңғиық гүлдің жапырағын жүрекке теңеуі де жарасымды...
Айналасын сәмбі талдар көмкеріп,
Күн қарайтын махаббаттан өртеніп...
...Қайран біздің Бесарал мен Қаракөл,
Жағасында қалып кеткен еркелік..., - деп түйіндейді ақын. Ешбір түсіндірменің керегі жоқ. Бәрі түсінікті. Қиғаш жағасы, сәмбі талдар, махаббаттан өртенген Күн оқырманның көз алдына елестейді. Қиғаштың салалары Бесарал мен Қаракөлде өткен ерке күндеріне ақын осылайша жырдан ескерткіш орнатыпты...
Гүлзада Ниетқалиева өлеңдерін оқи отырып, ақынның мынау жалған дүниедегі пендешілік түйткілдерін көзіне де ілмейтінін аңғардық. Өйткені, оның жүрегінде өзі жасап алған мөлдір әлем бар. Өлең деп аталатын өзгеше өлкеге ат басын бұрған сонау сәби шағының өзінде-ақ сол жүрегіне орныққан ғажайып әлемнің суретін сөзбен салуға ынтыққан екен-ау деп ойлағанымыз да рас. Кез-келген ақын туған жер суретін соншама мөлдіретіп, ақ параққа салған кескіндеме сияқты жырдан құя алмайтынын көріп те жүрміз. Ал, Гүлзаданың қолтаңбасы ерекше. Оны дәлелдеу үшін төмендегі өлеңге назар аударып көрейік:
«Ашағына тәу еттік Жұмекеннің,
Мойындатып мезгіл тұр күн өтерін...
Көлденеңнен сұлаған мынау сорға
Маңызды емес байлығың, кім екенің...»,- ақынның «Жұмекеннің Ашағы» деп ат қойып, айдар тағып тұрған өлкесі – өзінің де кіндік кесіп, кір жуған, етек-жеңін қымтап, елдің баласы болсам деген ұлы арманның соңынан ілескен мекені. Содан ба екен, жүрегіне сондай жақын, сондай ыстық. Ақын табиғатының өзгеше жай-күйін аңғартатын өлеңдегі философия да таңырқатпай қоймайды: «Көлденеңнен сұлаған мынау сорға,
Маңызды емес байлығың, кім екенің» деп тебіренеді, толғанады. Шындығында да, қаншама сән-салтанатын бір-бірінен асырам деп жанталасқан байлар мен бағыландар, батырлар мен қабыландар өтті бұл мекенде... Олардың ізін анау сусыма шағыл, құм басты, есімдері сол құм астында қалды. Мәңгілік, қайта шықпастай болып... Ал, Жұмекен есімі қазақпен бірге жасай бермек... Ақынның айтпағы да – осы.
«Шығарған сор бетіне ақ айранын,
Ашақ-Мәші қайсы деп қарайладым...
Айналасын қоршаған құм таулары,
Қариядай ақ шалған самайларын...,»,- Жұмекеннің «Ашақ-Мәші» хикаясы туралы дастанын есіне алады лирикалық кейіпкер. Елдің айнадай жалтыраған сорды бес күндік дүние-жалғанда халыққа қамқор боп өткен Мәшінің атымен емес, ұлық-қарлық қылып, елден алғыс емес, қарғыс алып өткен Ашақтың атымен атауында не сыр бар деп толғанған Жұмекен ағасының философиялық ойын жалғастырғандай... Ашақ-Мәшіні қоршаған құм тауларын самайлары ақ шалған қарияларға теңейді ақын. Негізінен, Гүлзада Ниетқалиева поэзиясының ерекшелігі, бүкіл айнала қоршаған табиғатты жаны бар деп түсініп, күн, ай, шағыл сияқты табиғат денелеріне жан бітіріп суреттеуінде. Ақын сол Қошалақтың көкірегі шежіре, өмірі өнеге ақ самай қарияларын есіне алып, сағынады, іздейді.
«Нарынның көсілген кең жазығында,
Құпия бар ирек құм жазуында...
Түніменен түсімде боздап шығар,
Бір ақ бота айналып қазығында...»,- Нарынның көсілген жазығындағы құм жазуын тек сол жердің адамдары ғана түсінеді, жұмбағын да сол көкірегі көмбе дана шалдар шешеді. Лирикалық кейіпкер осыны меңзегендей. Түніменен түсінде боздап шығатын ақ бота – ақынның өзінің ішкі жан дүниесі, жан әлемі. Бір кездегі таудан төмен құлап аққан тұма бұлақтай жан дүниесі пендешіліктің лайына малынып, кірленсе де, ақын жүрек сол бір ақ бота кезін есіне алып, іздейді, сағынады.
«Сақтау үшін мөп-мөлдір шықтай қалпын,
Қазаныңда, аналар, құт қайнаттың.
Асу-асу құм таулар қол бұлғайтын,
Өркешіндей, мысалы, сүт тайлақтың...»,- Мынау ақ дүниенің тап-таза мөлдіреген қалпын сақтау – барша адамзаттың парызы. Осы орайда ақын қазанында құт қайнатқан аналарды да тебірене жырға қосады. Кешегі қазығында айналған ақ бота бүгін сүт тайлаққа айналғанын да жыр жолдарымен өрнектейді. Асу-асу құмдарды сол сүт тайлақтың өркешіне сәтті теңеген. Ал, сүт тайлақ тіркесі көріктеу құралдарының ішіндегі – эпитет. Осыдан-ақ ақынның ауыл өмірін жақсы білетіні, сол қазанда қайнап шыққан, сол жұпар иісті жұтып, кәусарына шомылып, ақ шағылда сырғанап өскен жан екені сезіледі.
«Құмның сол бір сағынып төзімді елін,
Өткен күннің жылуын сезінгенмін.
Құм дауылы борап тұр бетке соғып,
Естілгендей дауысы бозінгеннің...», - құм елі күйшілер елі, жыршылар мекені, ақындар шыққан киелі, қасиетті өңір. Құм елінің төзімі – табиғаттың өзіндей! Сексеуілі қалай шілдедегі ыстық пен қаңтардағы боранды шыдамдылықпен күтіп алса, құм елі де солай, жыл он екі ай бойы табиғаттың мырзалығын да, жомарттығы мен сараңдығын да көріп, соған көніп, өздері туған, ата-баба сүйегі жатқан Нарынды мекендеп, табандылықпен тапжылмай отырған жандар. Ақын туған жеріне келіп тұрып, өткен күннің жылуын – анасының мейірімін, әкесінің қайырымын, достарының адалдығын, ауыл адамдарының тілеуқорлығын сезінгендей. Бетке соғып тұрған құм дауылы бұл жерде тағдыр дауылымен астастырылып, философиялық ойдың шетін шығарып тұр. Ал, ақын жырындағы ақ бота, сүт тайлаққа айналса, ол енді бозінген болып боздауда... Өмірдің өткіншілік философиясы деген осы! Ақын келесі өлеңдерінде осы ойды тереңдете түседі:
«Құм Нарында өскенбіз шағыл кешіп,
Бұйра құмды бастағы бағым десіп...
Қоңырайып қарсы алды қырдың төсі,
Көкжиекте кілкиді сағым көшіп...»,- шағыл кешіп өскен балапан қызды қырдың төсі мұңайып, қоңырайып қарсы алыпты. Бұл да - өмірдің заңы. Адам баласы жастық шақта арманшыл болады. Бұла шақтың бір ұтатыны – жастық максимализм. Асқақ арманға қол созып, тек аспанға ғана беттеген арманның соңынан ерген сарыауыз балапан егде тартқан, есейген. Тағдырдың тепкісін көрген, тағдыр дауылы мен боранын басынан өткізіп, теріс бораған бұрқасынына қаймықпай қарсы тұрған жан. Міне, сол себепті, қыр төсінің қоңырайып қарсы алғанын жан-тәнімен сезініп, оны адамша түсініп, тілдесіп, бар сыры мен мұңын ақтарады.
«Іздеп тұрмын түйе өркеш бұйрат құмды,
Үнсіздікте мүлгиді зират мұңды...
Тау шағылдар баяғы қайда кеткен,
Көңіл-көзім көп елес жинап тұрды...»,- түйе өркеш бұйрат құмды іздеген лирикалық кейіпкердің көзіне үнсіздікте мүлгіген мұңды зираттардың түсуі бекер емес. Асылдары мен қымбаттарының бәрі осы жерде мәңгілік дамылдаған. «Түйе өркеш бұйрат құм», «мүлгіген мұңды зират» күрделі эпитет, әрі философиялық тереңдікті теңдеп тұрған көріктеу құралдары. Адам өмірі бесік пен жердің арасы екенін үнсіз мойындағы лирикалық кейіпкер баяғы, балалық санадан өшпей қалған тау шағылдарды іздейді. Жоқ. Шағылдар да жермен-жексен болады екен. Құмдар да көшетіні рас екен. Мынау жалған дүниенің баяны жоқтығын осы шумақта шебер суреттейді.
«Қоңырлыққа көп жері айналып қыр,
Бура құмды еске алып, ойланып тұр...
Дүзгін, жыңғыл, құмаршық, жантақ мынау,
Тамырымен сол қырға байланып тұр...»,- кей жері қоңырлыққа айналған құм баяғы бура құмды еске алып ойланып тұруы – лирикалық кейіпкердің өз жүрегіндегі сезімді егіздеп, шендестіруі. «Бура құм» бұл жерде эпитет. Ал, тамырымен сол қырға байланған, дүзгін, жантақ, құмаршықтар – осы жерде өсіп-өнген туған жер перзенттері деген ойға жетелейді.
«Ақ шағыл орнындағы қоңырлықтан,
Бес күн дәурен - өткінші өмірді ұққам.
Төбемізден ауады күн дөңгелеп,
Қылғытып бәрін уақыт - жебір жұтпаң...»,- құм көшіп, орнында пайда болған қоңырлықты көріп тұрған ақын бес күн жалған философиясын алдымызға тартады. Дөңгелеп, төбеден ауған күн – өткен уақытты білдірсе, уақыттың өзін жебір-жұтпамен шендестіріп, метафора жасаған.
«Жоғалды екен бұйрат құм қайда қашып,
Ақ шағылда ойнаушы ек тайталасып...
Сары күннің астында кілкіп жатар,
Ақ көйлектің ілгегін айқара ашып...»,- ақ шағылда бірге ойнаған достарын іздеген алаң көңіл, күдік, сағыныш осы жолдарға сыйып кеткендей. «Ақ көйлектің ілгегін айқара ашып»деген бейнелі образ кілкіген әппақ құммен шендестіріле өрілген. Сары күн, ақ көйлек деген эпитеттер кейіптеумен астастырыла өрнектеліп, психологиялық иірімге құлаш ұрған. Ақ шағылды ақ көйлегінің ілгегін айқара ашқан адаммен баламалап, метафоралық тіркесті сәтті де шебер бедерлеген.
«Бұйра құм тастап көшкен қоңырлықты,
Табанмен тұрмын басып...
Көңіл күпті...
Ақ Нарын көш-көлігін сайлап апты,
Бесігін тербеткенде өмір мықты...»,- иә, өмір өтеді екен. Күні кешегі балалар бүгін есейген, ақыл тоқтатқан. Қоңырлықты тастап көшкен бұйра құмдай бұрқырап жатқан уақыт көші әсте толастар емес. Лирикалық кейіпкер туған жерге келгендегі көңіл толқынысын ешкімнен жасырмайды. Көңілінің күпті екенін де ашып айтады. Ал, Нарын болса, сол өмір көшінен қалмауған бекінген сыңайын танытқан. Ақ Нарын деген эпитет осыны аңғартады. Ақ нарын деген эпитеттен туған жерге деген ақын махаббаты, бала көңілдің құштарлығы көрініс тапқан. Өмір мықтының тамырын басып, содан қалмауға бекінген Нарын көш-көлігін сайлаған адам сиықты жандандырылып, кейіптеу осы жерде сәтті өрнектелген.
Ұлттық поэзияның көркемдік сапасына өз үлесін қосып келе жатқан Г. Ниетқалиеваның ақындық шеберлігі, дара қолтаңбасы адам-табиғат үндестігін өрнектеген көңіл-күй тақырыбындағы сыршыл өлеңдерінен айрықша көрінеді. Нәзік лиризм мен терең психологизм қатар өрілген өлеңдері – таным кеңдігі мен дарын қуаты деңгейінің көрсеткіші. Қыстың, Қар қызының көркем бейне дәрежесіне көтеріле жырлануына тағы бір мысал – философиялық астары қалың «Ақ қар басқан шағылға» деп басталатын өлеңі.
Ақ қар басқан шағылға, мүмкін, барып-қайтармыз,
Жүректегі меңдеген аңсау жырды айтармыз.
Қасат қардың бауырын жіпсіткенде үт-сәуле,
Қардың қызын жетелеп, аспан жаққа қайтар қыс,- тағы да туған дерге деген сағыныш, балалық шақты аңсау айқын сезіледі. Фолклорда жиі кездесетін үт-сәуле, Қардың қызы деталь ретінде ғана алынып, әрі қарай үлкен адамзаттық, ғаламдық ой қозғалады.
Мағжанның қыс туралы өлеңінде қарлы даланы бір қорқыныштың, үрейдің ұғымында алса, Гүлзадада романтикалық сарында алынған.
Аязымен қарыған ақ шаналы ақпанда,
Қурай басын сыңсытып, жыр арнайды ақ қарға.
Үтпен бірге кірген құт сәуле болып шашырап,
Жақындатар көктемді, әппақ таң боп атқанда,- қурай басынан сыбызғы жасап, мұңлы әуенін сыңсытқан Қардың қызы ақ қарды жырмен тербетеді екен. «Үтпен бірге құт кіреді» деген халықтық дүниетанымды ала отырып, ақын көктемнің жақындағанын меңзейді.
Күннің көзі жан сырын әппақ қарға ақтарар,
Ағыл-тегіл сезімнен еритұғын шақ та бар.
Қимай-қимай әппақ қар басқан сол бір шағылды,
Қардың қызы амалсыз Көкке қайта аттанар,- деген шумақта негізгі ой тұспалданып келіп, поэтикалық суретпен бейнелей айтылады. Өлгеннен кейінгі тіршілік жайлы мифопоэтика белгілі бір дәрежеде философиялық ойды көркем түрде жеткізуге қызмет еткен. Құрғақ уағыз, жалаң дидактикадан гөрі осындай тәсіл поэзиялық туындының эстетикалық қуатын арттыратыны – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Көктем келіп, күн жылынғаннан кейін еріп кететін ақ қарды бейнелі түрде Қардың қызы деп алып, ерігеннен кейін бу болып, көкке аттанатынын айтады. Тәңірі діні бойынша, адам өлгенмен, оның рухы өлмейді, көк аспанды мекен етеді-мыс. Бұндай наным басқа діндерде де кездеседі. Міне, өлгеннен кейінгі өмір философиясы Г. Ниетқалиева жырларында осылай да көрініс табады.
Сонау ғасырлар тасасында қалған көшпенді өмір сүрген күндерге деген сағыныш сан ұрпақтар алмасқанымен, ұлттық генофонд ретінде ұрпақтан ұрпаққа берілетіні сөзсіз. Ол ғылыми түрде дәлелденген. Ұлттық поэзиядағы табиғатты жырлаудың әртүрлі көріністерінен де сол бір жүзжылдықтардың қойнауында көнерген салт-дәстүріміз бен көне ғұрыптарымызды байқаймыз. Ол, әсіресе, табиғат пен адам гармониясын жырлаған кезде айрықша көрінеді. Біз талдап отырған өлеңде:
Ақша бұлтқа айналып, желбіреген етегі,
Көздің жасын көлдетіп, көкке сіңіп кетеді.
Сол ақшағыл, сол ауыл, сол Қиғаштың жағасын,
Сағынумен сарғайып талай уақыт өтеді,- деген жолдар бар. Тағы да лирикалық «Меннің» Қар қызына айналуы, метаморфозалану процесі туралы жырланып отыр. Бұл жерде қар қызының мекені Көк аспан бас әріппен, өзгеше нақышпен берілген. Себебі, бұл жерде Көк – жер бетінің күйбеңінен талған, шаршаған жан дүниені желеп-жебейтін рухани мекен, тіпті ұстаз, мүмкін, шежіреші шалдың кейпі. Әйтеуір, кез-келген адам түсінбейтін тылсым бір сырды сол Көк аспан, Көк Тәңір ғана түсініп, ұғып, қолдап тұрады екен. Ақын бұл жерде лирикалық «Менді» Қар қызының тасасында әдейі қалдырып отыр. Күн жылынып, көктем келгенде қардың еріп кетуін ел аузындағы Қар қызы туралы аңызбен әдейі шарпыстыру арқылы оқырманды тылсым бір әлемге, психологиялық иірімге сүйрелегендей. Сөйте тұра, «сол ақшағыл, сол ауыл, сол Қиғаштың жағасын» жаны сыздап тұрып сағынатынын да Қар қызының Көкке кетуімен параллель алады. Көріп отырғанымыздай ақын бұл жерде сол деген көмекші сөзді қайталап қолдану арқылы, өлеңге күшейткіш әсер береді, эмоциялық-экспрессивтік бояуын қоюлата түседі.
Сыбызғы үнін сыңсыған Жер-Ана да тыңдайды,
Мәңгілікпен қауышар махаббат пен мұң жайлы.
Бір өксіп ап Қар қызы, әнеее, кетіп барады,
Аспан асты, Жер беті күтіп оны тұрғай-ды...,- алғашқы жолға қыстың қоштасуы, көктемнің келуі символикалық суреттер арқылы сыйып кеткен. Ақын өлеңдерінде сыбызғысын сыңсытқан Қар қызының әуеніне Жер-Ана да құлақ түріпті, яғни, қыстайғы тоңы жібіп, қасат қар еріп, бусана бастапты деген сөз. Қар қызы мұңды, өйткені, «сол ақшағыл, сол ауыл, сол Қиғаштың жағасын» қалдырып кетіп бара жатыр. «Аспан асты, Жер беті» сол бір махаббат пен мұң жайлы әуенді тыңдап, тыныштыққа ұйып қалған. Келесі қар жауғанға дейін ғасырға бергісіз уақыт өтеді Қардың қызы үшін. Бірақ, өмір бір орында тұрмайды. Уақыт ұршығы айналып, қыс та келер, бірақ, дәл осы сурет, дәл осы сезім ешқашан қайталанбайды. Гүлзада өлеңдеріндегі қыс бейнесінің ерекшелігі – жанды түрде сипатталуы, кейіптеу, метафора, символға ұласып кетуі. Ақынның сезімтал, аңғарымпаз лирикалық кейіпкері сыбызғы үшін тыңдаған Жер-Ананы, тылсым Көкті, Ақ шағыл мен Ақ Қиғашты түйсік әлемінен тыс қалдырмайды. Қыстың суреті ақын жанының мазасыздануын, мұңлы халін жеткізген.
Өлеңде нысанға алынған сыртқы дүние ақын «меніне» байланысты. Ақын қыздың жырындағы қыстың Қар қызының бейнесінде алынуының да өзіндік мәні бар. Қар қызы – аңсарын іздейтін, сезімге тәуелді лирикалық кейіпкердің өз ішінен шыққан болмысы. Оның іздейтіні – мекені белгісіз жеке тұлға. Қар қызының кейіпкер халін, көңіл-күйін танытуда жетекші орындардың біріне ие екеніне ақынның тағы бір өлеңі арқылы көз жеткізуге болады:
Мен де сенем Қар қызының жырына,
Сыбызғымен сыңсып айтқан мұңына.
Жегілеміз жербетілік тірлікке,
Өзімізше, өмір дейміз мұны да,- бұл өлеңдегі таным басқаша. Қыс, Қар қызы – лирикалық кейіпкердің мұңды болмысын таныту үшін алынған. Жалпы, адам баласының шаттық пен қайғы, сенім мен мұңның ортасында толқымалы ғұмыр кешетіні – жазылмаған заң. Ақын антитеза арқылы осыны анықтай түсіп отыр. Жалпы, психологиялық параллелизм, кейіптеу, антитеза, символ сияқты бейнелеу құралдары суреткердің қиялы мен ақындық дарынын танытады. Біз талдаған өлеңдерде аталған көріктеу құралдары адам жанының қат-қабат сырын бейнелеуде ақын дарынының мүмкіндігі мен өзгеше дүниетанымын, өзіне ғана тән қолтаңбасын танытып тұрғанын аңғардық. Сөзіміздің соңын ақынның өз өлеңімен тұжырымдауды абзал деп санадық:
Етегіне сүрініп анам қалған,
Үкілі үміт көңілде, санамда -арман!
Сан сынағын тосқанда маған жалған,
Көз жасымдай жол жатты тарамдалған...
Маңдайымнан бір иіскеп әкем қалған,
Ертіп кеткен соңынан әпенді-арман!
Өтті, кетті қайтадан қайрылар ма,
Жан жарасын тағы да әкелді алдан...
Қолын бұлғап соңымнан ауыл қалған,
Көптен хабар келмеді-ау, бауырлардан.
Қыздар кетті, іні -жас, әке- кәрі,
Көз ашпадым жүректе дауылдардан...
Қып -қызыл құм іркілдеп шағыл қалған,
Құшағында балалық шағым қалған...
Ақ бота күн арманшыл қара үзген бе?
Көз жетпейді бұлдырап сағымдардан...
Ақ айдыны мөлдіреп Қиғаш қалған,
Бұл сағыныш кеудеме сыймас, қалқам!
Бесарал мен Қаракөл, Жалғызтерек
Көз сияқты қап қойған қимастардан...
Ақ айдынын қалайша қидым екен...?!
Думан дәурен қап кеткен дилы мекен.
Ақ шағыл мен Ақ Қиғаш, мен сендерді,
Көңілімнің көгіне күй ғып өтем...




